Жоғары оқу орындарында ғылым мен білімді ұштастыру қай кезде де басты мәселе болып саналған десек, бұл ретте «Астана медицина университеті» АҚ-ның биохимия кафедрасы ғалымдары мен оқытушыларының отандық ғылымды дамытуға сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған химия ғылымдарының докторы, профессор Аманкүл Сейтембетова есімі Қазақстандағы отандық дәрі-дәрмектер мен препараттар өндірісін өркендетуге айтарлықтай үлес қосқан сондай танымал ғалымдар қатарында.
Еліміздің солтүстік өңірі мен Орталық Қазақстан қойнауы қашаннан емдік қасиеті мол шөптер мен өсімдіктерге бай құнарлы мекен саналады. Мысалы, ғалым-мамандардың Қарағанды «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі (директоры ҰҒА академигі Серғазы Әдекенов) жетекшілігімен бірлесіп шығарған дәрі-дәрмектерінің дені осы аймақтардағы өсімдіктер сығындыларынан алынған. Атап айтқанда, Астана медицина университеті ғалымдары қатысуымен қатерлі ісікке қарсы «Арглабин», «Салсоколлин», «Саусалин», сонымен қатар, жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларына қолданылатын «Атеролид», «Экдифит» препараттары өндіріске енгізілді. Отандық өнімдердің аттары қазірдің өзінде алысқа ұзап, шетелдік әріптестері тарапынан жоғары бағалануда. «Арглабиннің» шипалық қасиеті Германиядағы «Леонардис Клиник», АҚШ-тың Хьюстон штатындағы «Нью Онколоджи Лабз», Мәскеудегі Н.Н.Блохин атындағы Ресей онкологиялық ғылыми орталықтарында дәлелденгені – Қазақстан фармацевтикасы үшін үлкен жетістік.
«Бүгінге дейін оның көмегімен 2500-ден астам адам емделіп, клиникалық қолданыста 76 пайызда оң тиімділік берді. Қазір тықыр жусан өсімдігінен алынған сесквитерпенді лактон субстанциясы негізінде тамыр жүйесі арқылы жіберуге арналған лиофилденген түрі де шығарылуда» дейді ақпарат деректері. Мұны айтып отырғанымыз, көбіне өнім өндірушілер туралы көп мағлұмат берілгенмен, есесіне, ғалымдар еңбегі тасада қалып қойып жататыны өкінішті. Себебі, сығындылар «Фитохимия» өнімдеріне айналғанға дейінгі аралықта атқарылатын басқа жұмыстар толып жатыр. Мысал үшін айтатын болсақ, бір препаратты жасап шығаруға көптеген мамандар қатыстырылады. Алғашқы кезеңде ботаник ғалымдар тақыр жусан, түймедақ, т.с.с дала өсімдіктерін жинап, сығындыларын әзірлейді. Екінші кезекте биохимия кафедрасының ғалымдары лабораториялық зерттеу жұмыстарымен, яғни олардың құрамындағы антиоксиданттық қасиетті анықтаумен айналысады. Ғалыммен әңгімелескенімізде, мұндай аса ауқымды ізденістер үшін университетте арнайы биохимиялық зертхана ашылғанын, алдағы уақытта мұны аккредитациядан өткізуге дайындық жұмыстары қолға алынғанын айтты. Өйткені, бұл келешекте халықпен тығыз жұмыс істеу үшін, тапсырысты мүдіріссіз қабылдауға, нәтижелерді жақсартуға және ғылыми жетістіктерді халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік беретіні тілге тиек етілді. Бүгінгі таңда зертханада спектрофотометр, фотоэлектрокалориметр құрылғылары мүлтіксіз қызмет етумен қатар, мұнан кейін де техникалық жабдықтар заманауи талапқа сай жаңғыртыла беретінін жеткізді.
Аманкүл Жақайқызын алаңдататын тағы бір түйткілді мәселе – кейбір дерек көздері бойынша қазіргі таңда Қазақстанда онкологиялық аурудың әртүрлі этилогиясымен науқастанған 250 мыңнан астам сырқат тіркелген екен. Осы ретте кафедра мамандары адам ағзасындағы қартаю, күйік шалу процестерін, қатерлі ісік ауруларын тоқтататын препараттарды ойлап табумен үздіксіз айналыса беретінін алға тартты. Мәселен, «Арглабинге» сұраныс жылына 5 миллион ампуланы құрауы отандық өнімнің сапалық деңгейі өсе түскенін көрсетеді. Бұл дәрі әлемнің 11 елінде патенттелген екен. Демек, Қазақстан ғалымдарының жетістігі әлемдік бәсекеде жоғары бағаға ие деген сөз. Бұл орайда ғылыми ізденістер ауқымының жылдан жылға ұлғаюы қуантады.
Бүгінде 225-тен астам ғылыми еңбектер мен монографияның авторы туралы сөз қозғағанда, медициналық ЖОО студенттері үшін 1994 жылы қазақ тілінде жарық көрген «Биохимия» оқу құралына айрықша тоқталудың жөні бар. Кейін 2007 жылы бұл еңбек толықтырылып қайта басылып шықты. Бір айта кететін жайт, 2006 жылы мемлекеттік стандарт қабылданған кезде оқу құралы типтік бағдарламада қазақ тіліндегі негізгі оқулық болып табылды. Мұнан бөлек «Биохимия сұрақтары мен жауаптары» оқу құралы мен он шақты оқу-әдістемелік материалдарын шығарған ғалымның мәскеулік әріптесі Е.С.Севериннің ЖОО студенттеріне арналған «Биохимия» кітабын қазақшаға аударуы айтарлықтай үлкен жұмыс болып табылады. А.Жақайқызының орыс ғалымы А.Кишкунның «Клиникалық лабораториялық диагностика» атты еңбегін тәржімалауы да қазақ тілді жас мамандардың игілігі үшін баға жетпес құндылық саналады. Әдетте, медицина қызметкері үшін адамға дұрыс диагноз қоя білу ең бірінші орында тұрады. Өйткені, еңбектің нәтижесі тікелей осыған тәуелді. Ғалым сондықтан бұл кітап тек ЖОО студенттері үшін ғана емес, сондай-ақ жас мамандар мен медицина қызметкерлеріне өте пайдалы еңбек деп бағалайды.
Орта мектепті күміс медальмен бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне оқуға түсіп, «Химия және биология пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша үздік бітіріп шыққан Сыр майталманының одан кейінгі бүкіл саналы ғұмыры Қазақстан ғылымын дамытумен ұштасып жатыр. Атап айтсақ, 1971жылы Мәскеу қаласындағы КСРО ҒА элементорганикалық қосылыстар институтының реакциялар механизмдері лабораториясына стажер-ізденуші ретінде оқуға жіберілсе, ал 1973 жылдан бастап институттың «элементорганикалық қосылыстар химиясы» мамандығы бойынша аспирантурада білім алды. 1979 жылы Аманкүл Жақайқызы «ѴI в топтың өтпелі металдарының циклопентадиенилидтік және пентафульвендік лигандтарымен П – комплекстерін синтездеу және олардың қасиеттерін зерттеу» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын КСРО ҒА элементорганикалық қосылыстар институтының диссертациялық қорғау ғылыми кеңесінде табысты қорғап шықты. Ғалымның бірқатар еңбектері халықаралық басылымдарда жарық көрді. 2003 жылы докторлық диссертациясын қорғаған білікті маманның жетекшілік етуімен 4 кандидаттық диссертация (Құлмағамбетова Э.А., Зейнулдина А.С., Яковенко Г.И., Ахмедьярова Э.А.), ондаған диплом жұмыстары қорғалды. Ғалым еңбегі еленіп, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Құрметті ұстаз» төсбелгілерімен марапатталды, А.Байтұрсынов атындағы «Саңлақ автор» медалінің иегері атанды. Сонымен қатар, университеттің «Үздік дәріскері», «Үздік тәлімгер-2012» дипломдарын иеленіп, 2011-2012 оқу жылдарындағы кәсіби қызметтерінің қорытындысы бойынша Аманкүл Жақайқызы Астана медициналық университетінің теоретикалық кафедралары арасында «Үздік тәлімгер» аталымының жеңімпазы атанды. Қазіргі кезде профессор А. Сейтембетова 40 жылға жуық ғылыми-педагогикалық қызметін университеттің жалпы және биологиялық химия кафедрасында жалғастыруда. Өмірлік жары Талғат Сейтембетов те – химия ғылымдарының докторы, профессор, кафедра меңгерушісі. Отбасы шаттығына бөленген аяулы ананың гүлдей құлпыртып өсірген қыздары да бір-бір саланың білікті маманы. Әлия – экономист, ал Айнагүл Астана медициналық университетінде клиникалық бөлімнің басшысы. Олар да отбасын құрып, өмірден өз орындарын тапқан. Былайша айтқанда, ғылым мен білімді ұштастырып жүрген жандар көп, ал енді ғылым, білім және соған қоса отбасы құндылықтарын, қасиетті үш арбаны қатар сүйреу өте сирек кездесетін құбылыс. Қазақ әйелінің бойынан осы үш қасиеттің бірдей табылуы қандай ғанибет десеңші!
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Суретте: ғалым Аманкүл Сейтембетова